Газет жайлы

«РАС» газеті — ҚазҰТУ АЙНАСЫ

“Газет – өмір айнасы” демекші, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінде ай сайын жарық көріп келе жатқан “РАС” газеті университеттің күнделікті тыныс-тіршілігінен көптеген мағлұматтар беріп отыратын басылым.
“РАС” газеті – студент жастарымыздың руханият, адамгершілік, алға ұмтылу бағытында жақсы атаулыға, рухани, адамгершілік жағынан инабатты, парасатты, үлкенге – ілтипатты, кішіге – қамқор, өнегелі, тәрбиелі, оқуда озат болуына, ғылым мен білім жолында талмай ізденуіне үндеп отырады. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі жөнінде де мақалалар жарық көріп тұрады.
“РАС” газеті 2000 жылдың қазан айынан шығады. Таралымы 2000 дана. Көлемі 2 баспа табақ, 8-12 бет, түрлі-түсті офсеттік басылымдарда, қазақша, орысша, ағылшынша үш тілде шығады. Газеттің негізгі бағыт-бағдары – студент жастарды оқу-білімге, оларды өз Отанын, халқын, тілін, әдебиеті мен мәдениетін сүюге баулу.
Редакция газеттің әр нөмірінде мақала, сұхбат ақпарат, әр-алуан хабарлар арқылы университет тыныс-тіршілігімен, әлеуметтік жағдайымен, мәдени өмірімен, ғалымдар мен студенттердің республика ауқымында, тіптен шет елдерде болып жататын ғылым мен білім саласындағы әр алуан тақырыптарда өтетін конференциялар мен конкурстарда қол жеткен табыстарын көпшілікке насихаттаумен келеді.
Газет бетінде университеттегі оқу-тәрбие жұмыстарының барысы, студенттердің әлеуметтік-тұрмыстық өмірі, жатақхана жағдайы, олардың мәдени тыныс-тіршілігі, өнердегі, спорттағы қол жеткен табыстары да назардан тыс қалмайды.
ҚазҰТУ-дың айнасына айналған “РАС” газеті алғашқы жылдардағыдай емес, көркемдік безендірілуі де, ондағы жарияланып жүрген материалдары да өзінің құндылығымен, мазмұндылығымен айшықтала түсуде. Оған осында қызмет істейтін қаламы жүйрік журналистер, газеттің Бас редакторы Марат Сәрсенұлы Әбдіхалықтың, жауапты хатшы Нұртан Төлепбергенұлының, тілшілер Розза Раштайқызы Бәркібаеваның, Бану Тоқсейітқызы Шалова мен Динара Бауыржанқызы Арынбаеваның, газет беттеуші Мәрия Мәуленованың, фототілші Дамир Тайыровтың шығармашылық үлестері өте зор.